2024 жылғы 18 қазанда «Қазақстан Республикасында балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамытудың перспективалары мен стратегиялық бағыттары» тақырыбында балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамыту жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген онлайн отырысы өтті. Отырысқа министрліктердің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, балалар ұйымдарының көшбасшылары мен үйлестірушілері, сондай-ақ еліміздің түрлі өңірлерінен білім басқармалары басшыларының орынбасарлары қатысты.
Кездесудің модераторы білім вице-министрі Еділ Оспан болды. Қатысушылар балалар мен жасөспірімдер қозғалысының қазіргі заманғы сын-қатерлері, жастар арасындағы бірлік пен келісім құндылықтары, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының келешегі, мектептегі өзін-өзі басқару жобалары және мектеп өмірін дамытудағы еріктілердің рөлі сияқты маңызды мәселелерді талқылады. Әскери-патриоттық тәрбие, скауттық бастамалар мен экожобалар туралы баяндамалар жасалды. Әділ Қазақстан құрылысының контекстінде жастардың өзін-өзі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды.